Хирургия
Хирургия салалары
 · Пластикалық хирургия  ·
 ·Күйік хирургиясы ·
 · Нейрохирургия ·
 ·Оториноларингология ·
 ·Офтальмология ·
 ·Лазерлі хирургия ·
 ·Ірінді хирургия ·
 · Кардиохирургия ·
 · Абдоминалдық хирургия  ·
 · Микрохирургия  ·
Әскери-далалық хирургия ·
 · Торакалды хирургия ·
 · Урология ·
 · Андрология)  ·
 ·Ортопедия ·
 · Эндокриндік хирургия ·
 ·Комбустиология ·
 ·Неврология ·
 ·Ангиология ·
 ·Бас сүйегі хирургиясы ·
 ·Бариатрия

Урология (грек. uron – несеп және логия) – медицинаның несеп шығару жүйесі органдары ауруларының клиникасы белгілерін анықтайтын және оны емдеу жолдарын зерттейтін бөлімі. Сондай-ақ Урология ер адамдардың жыныс жүйесіндегі ауытқуларды да емдеумен шұғылданады. Урология – медицинаның көне заманнан белгілі саласы. Б.з.б. 3-мыңжылдықта Мысырда қуықтағы тасты дәл тауып, оны алып тастау жолын білген. Гиппократ бүйрек пен қуықтың әр түрлі ауруларына сипаттама берді. Әбу Әли ибн Сина несеп-жыныс жүйесінің кейбір ауруларын сипаттап, оларға диагноз қою үшін науқастың зәрін тексеру керек екенін жазды, ауруларды емдеу үшін бірнеше дәрі-дәрмек ұсынды. Аристотель, А.Цельс, К.Гален, т.б. ғалымдар Урологиялық ауруларды (негізінен несептегі тас) зерттеді. Урологияның қарқынды дамуына 19 ғасырда рентгенология саласында қол жеткен жетістіктер игі әсер етті. 1877 жылы неміс ғалымы М.Нитценің цистоскопты – қуық қуысын зерттеуге арналған аспапты ойлап табуы Урологиялық ауруларды дәл анықтап білуге мүмкіндік берді. 1869 жылы неміс ғалымы Г.Симон ауырған бүйректі алып тастау операциясын алғаш рет жасады. 1897 жылы француз ғалымы И.Альбарран катетер жасайтын цитоскоп ойлап тапты. Бұл құралмен әр бүйректі жеке тексеруге, несеп жинауға мүмкіндік туды. Рентген сәулесі бүйректегі, қуықтағы, несеп жолындағы пайда болған тасты табуға, оның орналасқан жерін, көлемін анықтауға мүмкіндік берді. Урологияның қарқынды дамуына француз ғалымы Ф.Гюйонның еңбектері үлкен үлес қосты. Ол 1830 жылы ашылған алғашқы Урологиялық бөлімді басқарып, урологтар қоғамын басқарды. 20 ғасырдың басында бүйректің қызметін зерттеуде және Урологиялық ауруларға рентгендік диагностика қоюда ерекше әдістер табылды. Мысалы, Германияда Ф.Фельклер және Э.Йозеф хромоцистоскопия (1903), А.Лихтенберг және Фельклер ретроградты пиелография (1906), Францияда Г.Марион және Германияда И.Изрэль бүйрекке операция жасаудың жаңа әдісін ұсынды. Голландиялық ғалым В.Колф бүйрек қызметі бұзылғанда оны жасанды бүйрекпен ауыстыру мүмкіндігін зерттеді. Қазақстанда Урология саласындағы зерттеулер 1956 жылы басталды. Профессор З.В.Файнштейннің жетекшілігімен қуық ісіктерін, қосалқы жыныс безі аденомасын, бүйрек зақымдануынан болған гипертонияны емдеу тәсілдері ұсынылды; несеп түтігіне жамау салу, сыңар бүйрек қызметіне сипаттама берілді. Б.О.Жарбосыновтың басқаруымен қосалқы жыныс безінің қабынуы, ен және ен қосалқысының қабынуы, сол жақ ен сағағы венасының кеңеюі (варикоцеле), еннің ұмаға түспеуі (крипторхизм) салдарынан ер адамның белсіз қалуы, оның белгілерін анықтау, операция жасап емдеу тәсілдері жетілдірілді. Бүйрекке тас байлану, ер адамдардың жыныс органдарының туа біткен ауытқуларын, анрологиялық қызметін қалыпқа келтіру, бүйректердің сарысулы ауруларын, бүйректің екіншілік семуін және гипоплазиясы, уретеролитиаз хирургиялық лапараскопты пайдаланып операция жасау әдістері, несеп жолының тасын антеградтық уретеролитоэкстракциямен емдеу мәселелері одан әрі зерттелуде. Қазақстанда Урология ғылымының дамуына көп еңбек сіңірген ғалымдар: Жарбосынов, И.С.Халықов, Б.У.Шәлекенов, Е.С.Мәмбеталин, Ә.Т.Тоқсанбаев, М.К.Алшынбаев, Е.Қ.Сәрсебеков, т.б. Урология мәселелерімен Урология ғылыми орталығы, республикалық медицина университетттер мен академиялар, Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының Урология кафедрасы, Хирургия және педиатрия мен бала хирургиясы ғылыми орталықтары шұғылданады.[1][2]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы
  2. О.Д.Дайырбеков, Б.Е.Алтынбеков, Б.К.Торғауытов, У.И.Кенесариев, Т.С.Хайдарова Аурудың алдын алу және сақтандыру бойынша орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Шымкент. “Ғасыр-Ш”, 2005 жыл. ISBN 9965-752-06-0